Тарихи-революциялық ескерткіш - Қостанай шаруалар көтерілісін аяусыз басып-жаншыған өлке тарихының ең бір қайғылы беттерінің куәсі. 1919 жылдың наурыз-сәуір айларында көтеріліс уездің едәуір бөлігін қамтыды. 5 сәуірде көтерілісшілер Қостанайдан ақ гвардияшыларды ығыстырды. Бірақ 8 сәуір күні колчактықтардың көтерілісті басуға жіберген жазалаушы бөлімдері қаланы артиллериядан атқылады. Қиян-кескі ұрыстардан кейін партизандар қаланы тастап шықты, осыдан кейін қанды жаза басталды.
Көтеріліске қатысқан Д. Дрофеевтің естелігінде: «10 сәуірдің түнінде колчак жазалаушыларының азаптауы басталды. Қолға түскен партизандарды, оларға аяушылық көрсетті деп күдіктенген бейбіт тұрғындарды көшелерде, Халық үйінің ауласында, орыс-қырғыз училищесінің ауласында атып тастады. Ескі зират жабайы тастардан жасалған жалпақ қабырғалармен қоршалды. Адамдарды осы қабырғаға отар қойды айдағандай тықсыра қуып атып тастады. Қаза тапқан партизандар мен атылған жандардың мәйітін екі апта бойы зират алаңына жеткізді (сол уақытта Баймағамбетов көшесінен зиратқа дейін әлі салынбаған). Сол кезеңде қаладан және жақын ауылдардан жұмылдырылған халық бауырластар зиратын терең етіп қазды.
Алаңнан жылап-еңіреген дауыстар естіліп жатты, өз туғандары мен жақындарының мәйітін әкелері, аналары, әйелдері іздеді. Мәйіттерді алаңнан алып кетуге рұқсат болмады, жеке көму үшін кейбіреулері түн жамылып туыстарының мәйітін алып кетті.
Екі аптадан соң алаңда мәйіттер иістене бастағанда, өлтірілген және атылған партизандарды көму аяқталды. Қараңғы түндегі қаланың тыныштығын күн сайын бауырластар зиратына келіп еңіреп жылаған әйелдердің дауысы бұзатын».
Ескерткіш сипаттамасы
Ескерткіш мерзімі: сәуір, 1919 жыл
Орналасқан жері: Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі, 115.
Қызыл қабырға – көпес қонысының орнындағы қойманың бір бөлігі. Қабырғасы қызыл түсті кәдімгі саз кірпіштен қаланған. Қабырғадан оқтың іздері көрінеді.
Мемориалдық тақтада: «Осы қабырғаның қасында 1919 жылы сәуірде Колчак жазалаушылары қызыл партизандарды, Қостанай шаруалары көтерілісінің қатысушыларын жаппай атқан» деп екі тілде жазылған.
Қабырға өлшемі: ұзындығы - 20,6 м, биіктігі – 4,5 метр, қабырғасының тереңдігі – 0,6 м.