Ескерткіш XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы орыс сәулетіне тән, қала орталығының революцияға дейінгі құрылыстар ансамблінде үлкен орын алады. Тарих ескерткіші ретінде қызығушылық тудырады. Авторы белгісіз.
Ғимарат 1886 жылы салынған, 1896 жылға дейін оралдық танымал шарап сатушы, «А.Ф.Поклевский-Козелл мұрагерлері сауда үйінің» өкілі В.А.Поклевский-Козеллға тиесілі болды. Мемлекеттік шарап монополиясы енгізілгеннен кейін жерқоймасын, шарап сөрелері мен үйді қалаға сатты, содан бері бұл қоғамдық ғимарат (Халық үйі). 1900 жылдарға дейінгі халық үйлері сипаты жағынан болашақ клубтардың ізашары болды.
Халық үйі қала өмірін едәуір жандандырды. Жергілікті зиялы қауымның күшімен спектакльдер қойылып, жалпы білім беру тақырыбында диапозитивтерді көрсетіп, дәрістер оқыды. Халық үйі жанында кітапхана-оқу залы жұмыс істеді, оған жұмысшылар келетін.
1905-1907 жылдардағы революция кезеңінде ғимарат Қостанай қаласы еңбекшілерінің революциялық күресінің орталығы болды. Осы ғимаратта және оның жанында бұқаралық жиындар мен митингілер, 1907 ж. ақпанда ІІ Мемлекеттік Думаға депутаттар сайлауы өтті.
1918 жылы ғимаратта Қостанай Уездік кеңесінің атқару комитеті орналасты. 1919 жылдың сәуірінде ғимаратта ақ гвардияшылардан қаланы қорғап тұрған көтерілісшілердің негізгі күшін басқарған штаб, тірек пункті болды. Сол жылы Халық үйінде колчактықтардың тергеу комиссиясы жұмыс істеді. Ауладағы «Қызыл қабырға» тұсында қызыл партизандар көтерілісіне қатысушыларды жаппай атқан.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғимаратта партия мектебінің жатақханасы, кітапхана орналасты. 1936 жылдан облыстық тарихи-өлкетану музейі орнықты.
Ғимарат 1993 жылдан «Қонай» ЖШС-не жалға берілді. Күрделі жөндеу жасалып, қайта жаңартылғаннан кейін «Майдан» мейрамханасы, кейіннен «Вкусная жизнь» мейрамханасы орналасты.
2008 жылдан Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының кеңсесі орналасқан.
Ескерткіш сипаттамасы
Ескерткіш мерзімі: XIX ғасырдың соңы, 1896 ж.
Орналасқан жері: Қостанай қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 60
Екі қабатты ғимарат күйдірілген кірпіштен, сылақталмай көпес үйі ретінде салынған. Жоспар шешімі тұрғысынан алғанда, үй негізгі көлемнен тұрады, бірінші қабатында тұрғын жайлар, дүкен орналасқан, солтүстік-шығыс жағынан ұзындығы 47,5 м. созылған шаруашылық және қосалқы жайлар орналасқан.
Бірінші қабаты тереңдетілген, арнамен белгіленген. Қасбеттің қалпы тігінен ғимараттың ішкі құрылымын аңғартпайтын иықшаны құрайды және терезелері сәнді жақтаулардан тұрады. Терезелері садақты маңдайша мен маңдайша кенереден құралып, екінші қабатта екі сәндік элементтер арасында бірқалыпты майысқан сөрелер түріндегі әсембағанды еске түсіреді. Терезе жақтаулары мен маңдайша кенерелер ақ түспен ерекшеленген. Ғимарат ернеуі астындағы кескінделген белдеумен, куб тәрізді бағандармен бөліне отырып, ортасында доғал арка және кірпіш жақтаумен иілген дөңес ернеумен аяқталады.
Қаптал шатыры металл қаптамадан тұрады, екі жаққа ашылмалы қос терезелері бар, жабыны ағаштан жасалған. Ғимараттың биіктігі – 9,5 м.
Екі жағынан құламалы шатыры бар, кірпіштен қаланған дуал ауланы қоршап, үйге жалғасып жатыр. Дуалдың ағаш қақпалары екі қапталдан садақ тәрізді ойықтарымен биік кірпіш аркадан тұрады, суреттері қайталанып отыратын, қасбеттерді әрлеуде қолданатын, жақтау бағандарына ұқсас қос бағандармен кірпіштері сәнді қаланған.