Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі
Костанайский областной историко-краеведческий музей
Kostanay regional museum of local lore
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығында 130 мыңнан астам музей заттары бар. Музейдің археологиялық жиынтығында тас ғасыры, қола дәуірі және ерте темір ғасырының бірегей табылымдары ұсынылған. Алғашқы қауымдық өнердің әлемге танымал ғажайып туындылары: «Тобыл ойшылы» - тас мүсіні, қошқар басы бейнеленген тақта тас, «Балға-құдай» құрбандық балғасының ұшы.
Музей этнографиялық жиынтықтың қалыптасуына айрықша көңіл бөледі, оның құрамында Қазақстандағы таңдаулы зергерлік әшекейлер мен ұлттық киімдердің тамаша үлгілері жинақталған. Музейдің көркемсурет жиынтығы Қазақстанның бейнелеу өнерінің негізін қалаушылар мен алдыңғы қатарлы шеберлерінің, сонымен қатар Ресей, Украина, Күнгей Кавказдың танымал суретшілерінің 4 мыңға жуық кескіндеме, графика және мүсіндік туындыларынан тұрады.
Музей қорындағы бірегей мәдени құндылықтар Қазақстан Республикасының Ұлттық мәдени игілік объектілерінің мемлекеттік тізіліміне және «Қазақстанның музей жауһарлары» мультимедиялық энциклопедиясына енген.