Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі
Костанайский областной историко-краеведческий музей
Kostanay regional museum of local lore
1938 жылы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі кәсіби суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесін алғаш рет ұйымдастырды. Осы көрмедегі үздік туындылар музейге сыйға тартылды және бүгінгі күні 4 мыңнан астам кескіндеме, графика, мүсіндік туындылардан тұратын көркемсурет жиынтығының негізін қалады. 1962 жылы Алматы қаласының Көркемсурет көрмелерінің дирекциясы тапсырған қазақстандық көркемсурет мектебінің негізін қалаған және республикамыздың алдыңғы қатарлы суретшілері Николай Хлудов, Әбілхан Қастеев, Баки Урманче, Молдахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Жаңатай Шәрденов туындыларының жиынтығын музей қорының баға жетпес қазынасы деп айтуға болады. Бұл туындыларда Қазақстан бейнелеу өнерінің тарихы, оның байлығы мен алуан түрлілігі айнадағыдай көрініс тапқан.
1995 жылы музейдің көркемсурет жиынтығы қазақстандық және қостанайлық суретшілердің, сонымен қатар Ресей, Украина, Күнгей Кавказ шеберлерінің кескіндемелік және графикалық жұмыстарымен толықты. Түрлі тақырыптағы, шығармашылық шешімдері алуан түрлі, орындау шеберлігі жоғары бейнелеу өнерінің туындыларын Кеңестік мәдениет қорының Қостанай бөлімі Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіне тапсырды.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығындағы картиналар мен графикалық туындылар тізбесі өзінің хронологиялық, типологиялық және сюжеттік алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, музей жиынтығы Қазақстанның алдыңғы қатарлы суретші-графиктері В. Антощенко-Оленев, Е. Сидоркин, А. Дроздов, В. Поликарпов, К. Каметов, Т. Ордабеков, И. Исабаев, К. Баранов, В. Тимофеевтердің, қостанайлық суретшілер Г. Соков, А. Никифоров, А. Шестаковтардың туындыларынан тұрады.