Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі
Костанайский областной историко-краеведческий музей
Kostanay regional museum of local lore
Қостанай жері – қазақ халқының көптеген данышпан ұлдарының туған жері. Мұнда мықты батырлар мен ақылды билер өмір сүрген, олар өз заманында тектілер арасындағы ең қиын қақтығыстарды шешендік сөздермен шешкен. Атақты қазақтардың арасында бірінші болып тархан атағын алған дарынды қолбасшы, жоңғар шапқыншылығы кезінде ел тәуелсіздігі үшін күрескен атақты батыр Шақшақ Жәнібек Қошқарұлы. Барақ батыр Қарабалуанұлы Емельян Пугачев бастаған шаруалар соғысына, одан кейін Сырым Датұлы бастаған қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысына қатысып, батырлығымен аты шыққан. Жабағы батырдың ұрпақтарының қолында ержүрек бабаларының туы осы күнге дейін құнды жәдігер ретінде сақтаулы тұр.
Шоқан Балқанұлы, Наурызбай Қазбайұлы, Балғожа Жаңбыршин (Ыбырай Алтынсариннің атасы), Шеген би, Қанжығалы Асаубай, Шәңкі шешен, Сералы ақын, Өске Торқаулының даналық сөздері байырғы тұрғындардың әлі күнге дейін есінде сақталған. Тәтіқараның есімі қазақ әдебиетінің антологиясына алтын әріптермен жазылған. Ол Абылай ханның ту ұстаушысы және халықтың ең сүйікті жырауы болған.
Қостанай жерінде Кенесары Қасымовтың және оның ағасы – серіктесі Наурызбай батырдың да жауынгерлік жорықтары өтті. Жітіқара ауданының аумағындағы Қараой және Күйік, Сарыкөл ауданының аумағындағы Найзакескен және Әулиекөл ауданының Әулиекөл және Ханжатқан (Әулие көл және хан ордасы) Кенесары және оның рухани ұстазы Марал Ишанның есімдерімен тығыз байланысты. Ержүрек батыр Амангелді Иманов пен Кейкі батыр туған халқының бақыты үшін шайқасты.
Ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов, рухты ағартушы Ыбырай Алтынсарин, төкпе ақын Ақсұлу Орысбайқызы, ақын Нұржан Наушабаев туған жерінің даңқын асырды. Егеменді қазақ мемлекетінің бастауында көрнекті қоғам қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдес Омаровтар тұрды. 1918 жылы Қостанай жерінде кәсіби театр құрылды. Сол кезде Әліби Жангелдиннің жасағында Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыровтар өнер көрсеткен драма үйірмесі құрылды, кейін олар қазақ сахнасының көрнекті шеберлеріне айналды. Біздің жерлестеріміз – Ілияс Омаров, Бейімбет Майлин, Спандияр Көбеев, Бекет Өтеутілеуов, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков, Жайсаңбек Молдағалиев, Иван Шеголихин, Қайнекей Жармағамбетов, Ақан Нұрманов, Ғаббас Жұмабаев, Мәриям Хакімжанова және тағы да басқа көптеген тұлғалар қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына қомақты үлес қосты.
Алғашқы қазақ журналы Троицк қаласында жарық көрді, оны редакциялаған Мұхамеджан Сералин еді. Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсірепов орыс жазушысы В.Ивановпен бірлесіп «Амангелді» фильмінің сценарийін жазды. Біздің атақты жерлестеріміз – республикамыздың белгілі ғалым, академиктері Өмірзақ Сұлтанғазин, Манаш Қозыбаев, Кенжеғали Сағадиев, Сағындық Сатыбалдин, Жұмағали Ысмағұловтардың есімдері Қазақстаннан тысқары жерлерге де жақсы таныс. Көрнекті тарихшы, КСРО ҒА корреспондент-мүшесі Павел Волобуев, топырақтанушы Өмірбек Оспанов, философ Қасым Рахматуллин, академик, биохимик Темірбай Дарқанбаевтар біздің республикамыздың мақтанышы.
Қазіргі Қазақстанның тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев, хор өнерін бірінші болып ұйымдастырған Бақытжан Байқадамов, алғашқы кәсіби дәрігерлердің бірі Мұхамеджан Қарабаев – осылардың бәрі біздің облыстың тумалары. Композитор Әбілахат Еспаев – Қазақстан Республикасының музыкалық өнерінің негізін қалаушылардың бірі.
Халық ақындары Омар Шипин, Сәт Есенбаев, Нұрхан Ахметбеков, Өтеміс Қалабаев, Әсия Беркенова мен Қоныспай Әбіловтер бабалар ісін жалғастырды.