Олег Витальевич Кусков - белгілі қостанайлық суретші, Қостанай меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының иегері. Ол 1962 жылы 9 ақпанда Қостанай облысының Затобол (қазіргі Тобыл қаласы) кентінде дүниеге келген. Суретші қазіргі уақытта Қостанай қаласында тұрады және жұмыс істейді.
Автор өз көрмесін өзі дүниеге келген зодиак шоқжұлдызына байланысты «Суқұйғыш белгісінде» деп атаған. Суқұйғыш астрологиялық белгісінде туған адамдардың мінезін айқындаушы қасиеттердің бірі - жаңа сезімдер мен жаңа идеяларды үнемі іздеу. Бұл даралық қасиеттер суретші Олег Кусковқа толығымен тән. Бала кезінен сурет салуды ұнататын, өмірін теңізбен байланыстыруды армандаған, тіпті теңіз училищесіне де түскен. Бірақ тағдыр басқаша шешті, Олег техник-механик мамандығын алып, туған жерінде жұмыс істеуге қалды. 28 жасында ол алғаш рет кескіндеме және графикамен жан-жақты айналысты және бұл оның өмірлік жұмысына айналды. Олег Кусковтың жас кезіндегі тағы бір әуестігі - музыкалық андерграунд - кейіннен белгілі «Пинк-Флойд», «ДДТ» және т.б. топтардың шығармаларына арналған суреттер топтамасы дүниеге келді. Әуесқой суретші Олег Кусковтың алғашқы жеке көрмесі 1989 жылы өтті, кейін оның шығармашылық өмірінде тағы 15 жеке көрме ұйымдастырылды, көптеген облыстық және қалалық тақырыптық көрмелерге де қатысты.
Қостанай меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының иегері Олег Кусковтың «Суқұйғыш белгісінде» атты мерейтойлық көрмесіне оның 33 жылдық шығармашылығына шолу жасайтын 70-ке жуық көркемсурет туындысы қойылған.
Олег Кусков жан-жақты суретші, оны әрқашан жанрлардың, тақырыптардың, орындау техникасының әр алуандығы қызықтырады. Оның пейзаждық туындылары көркемдік мәнердің айқындығымен және қарапайымдылығымен көз тартады. Суретші О.В.Кусковтың шығармашылығында өткенге жан бітіп, ескі үйлер толыққанды тіршілік кешіп жатқандай әсер беретін ретро-пейзаждар ерекше орын алады.
«Мен сурет салмаған кезде бірдеңе жетіспейтіндей өзімді жайсыз сезінемін. Сол сәттерде: бос уақыт бар, бірақ мен неге сурет салмаймын деп ойлаймын. Өзімнен өзім ұялып, кенептерді дайындап, багеттерді қалпына келтіремін, қылқаламдарды сүртіп, бояуларды тазалай бастаймын... Сурет салу процесі мені тыныштандырады. Мен оларды өзім үшін де, достарым үшін де, қарапайым адамдар үшін де саламын - дейді өз шығармашылығы туралы «Суқұйғыш белгісінде» көрмесінің авторы Олег Кусков.