Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

Темір жол вокзалының ғимараты

Қостанай қаласының бүгінгі келбетін құрайтын құрылыс элементі. Вокзал ғимаратының құрылысында темір жол торабы мен вокзал маңы ансамблінің үйлесімділігіне ерекше көңіл бөлінген. 

Жобаның авторлары:  сәулетшілер  В. Батырев, А.Сухорукова, инженер – Ж. Самсонова. 

Темір жол вокзалы 1976 жылы салынған. Жобаны «Мосгипротранс» институты әзірлеген. Ғимарат ескі вокзал орнына салынған. Құрылысшылары:  «Казахтранстехмонтаж», «Магнитогорстрой» басқармасы, КСРО көлік құрылысы министрлігі және тағы басқалар. Қостанайдағы темір жол вокзалын жобалаған және құрылысын жүргізген сәулетшілер, инженерлер мен құрылысшылар  ұжымы 1978 жылы КСРО Министрлер кеңесінің сыйлығымен марапатталды. 

Вокзал ХХІ ғасырдың басында жаңарды. Вокзалдың келбеті бастапқы ерекшеліктерін сақтай отырып, жаңартылды.

 

 

Ескерткіш сипаттамасы

 

Ескерткіш мерзімі:  1976-1977 жж.

Орналасқан жері: Қостанай қаласы, Перронная көшесі, 7 

 

Вокзал ғимараты қаланың негізгі магистралі бұрышы вокзал маңы алаңына шығатын Әл–Фараби даңғылына бағытталған және оның композициялық аяқталуы болып табылады. Бұл ось бойынша созылған  үш қабатты, темірбетонды құрылыс. Ғимараттың маңайына тегіс асфальт төселгендіктен баспалдақ та, көгал алаң да жоқ. Негізгі оңтүстік қасбеті және кіріп-шығатын есігі Әл-Фараби даңғылына бағдарланған. Негізгі есік шығыңқы, мықты темір-бетоннан 15 м күнқағармен жабылған. 

Ғимараттың бірінші қабаты шыныланған және тереңдетілген. Екінші және үшінші қабаты бірыңғай композициялық  шешіммен біріктірілген. Олар тұтас көлем түрінде жасалған, қасбет жазықтығынан шығыңқы, көлбеу жолақты күннен қорғайтын торлы ленталы әйнекпен  шыныланған. 

Жоспарлау шешімінде - залдан тұратын жүйе. Ғимараттың құрылыстық сұлбасы - қаңқалы. Арақабырғасы панельді, аражабыны темір-бетонды. Жолаушыларға арналған операциялық зал сәулеттік жоспарлау шешімінің композициялық орталығы болып табылады (билеттерді сату, ақпарат, почта жөнелтілімдері, телефон арқылы сөйлесу және т.б.). Жоспарлау вокзал ғимаратының күрделі тіршілігін ұйымдастыруды дәл қамтамасыз етеді. Барлық қызметтер ғимараттың шығыс бөлігінде орналасқан.

Ғимараттың орташа биіктігі – 3,8 м. Жалпы алаңы - 5375,7 м2