XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырдың басындағы азаматтық сәулет үлгісі, ғимарат эклектика элементтерін пайдалана отырып салынған.
Музей мәліметтері мен ескі фотосуреттер бойынша Николаев көшесіндегі (қазіргі уақытта Алтынсарин көшесі) ғимарат бастапқыда сауда мекемесі ретінде салынған.
Құрылыстың салынған мерзімі шамамен 1910-шы жылдар болып саналады, себебі суреттердің бірінде ғимараттың жанында көпес Бәкіровтің үйі-кейіннен ТТС болған ғимарат көрінеді, ал ол 1912-1913 жылдары салынған.
Ғимаратта «В.Яушев, Г.Бикмухамедов, С.Насыров және К° фирмасының Сауда үйі» орналасқан, негізінде бұл көтерме және бөлшектеп сату дүкені болған. Қаладағы ірі Пассаж дүкенінің (бұрынғы Большая және Николаев -қазіргі Әл-Фараби және Алтынсарин көшелерінің қиылысы) үлесіндегі көпес Стахеевтің серіктесі Троицкідегі «Ағайынды Яушевтар» Сауда үйінің қожайындарының бірі Абдулвали Яушев болғанын ескерсек, онда Сауда үйінің серіктесі оның ағасы Молдавали Яушев болуы мүмкін. Тауарлар түрін анықтау мүмкін емес, бірақ Яушевтардың Ташкенттегі, Құлжадағы, Челябідегі, Қостанайдағы, Қазандағы көтерме және бөлшектеп сату дүкендері темірден жасалған тауарларды, жабындық, сұрыптық және тілімше темірлерді, олиф, бояу, галантерея, хрусталь, фаянс, парфюмерия, сонымен қатар бакалея, кондитерлік, гастрономдық тауарларды сатқан.
Ғимараттың орталық кіре берісінде «Майдан серіктестігінің мейрамханасы» деген маңдайша жазу ілінген. Осыған қарап бұл дүкенде құрылыс материалдары сатылғанын жоққа шығаруға болады. Кейін бұл жерде «Мысль» кітап дүкені болды. Үйдің бірінші қабатын дүкеннің залы және қойма үй-жайлары алып жатты, ал екінші қабаты дәліздік жүйеде салынған қызметтік орындар.
2008 жылы қайта жаңғыртылғаннан кейін, бұл ғимаратта облыстық картина галереясы ашылды.
Ескерткіш сипаттамасы
Ескерткіш мерзімі: XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың басы,1913 жыл
Орналасқан жері: Қостанай қаласы, Алтынсарин көшесі, 113.
Ғимарат екі қабатты, кірпіштен салынған, сыланған және сырланған. Іргетасы ленталы кесектастан жасалған. Ғимарат жоспар бойынша шаршыға жуықтайды және бір-біріне жабысқан тік бұрышты көлемдерден тұрады: екі қабатты, оңтүстік-шығысқа қарай шығатын Алтынсарин көшесіндегі бас қасбеті және ауладан ғимараттың негізгі бөлігімен түйісетін бір қабатты ғимарат.
Ғимараттың бірінші қабатында галереяның экспозиция залы мен қызметтік орындар, екінші қабатта - кіші көрме залдары орналасқан. Бас қасбеті ғимараттың ішкі құрылысымен байланыспайтын көлденең қуыстармен бөлінген.
Қасбет қабырғаларын әрлеуде бірінші қабаттың өңделуіне ерекше көңіл бөлінген. Сәндік элементтер екінші қабаттың терезелерінің деңгейіне дейін жететіндіктен бірінші қабат биік болып көрінеді. Терезе ойықтары қос-қостан жасалған, екі жаққа ашылады, ені әр түрлі, тікбұрышты. Жертөле қабаты биік емес, кірпіштен жасалған, басқа түспен бөлінген.
Ғимараттың биіктігі: 9,7 м. Құрылыс көлемі - 3031,5 м3