Иван Фомич Павлов (1922-1950) Қостанай облысының Борис-Романовка кентінде дүниеге келген. Чкалов әскери-авиация училищесін аяқтап, 1942 жылдың маусымында майданға аттанады. И.Ф.Павлов соғыс жылдарында 250 жауынгерлік ұшуларды орындады. 1944 жылдың ақпанында Иван Фомич Павловқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
1945 жылдың 23 ақпанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы И.Ф. Павловты екінші «Алтын Жұлдыз» медалімен марапаттады. Соғыс аяқталғаннан кейін И.Ф. Павловты М.В. Фрунзе атындағы Әскери-әуе академиясына оқуға жібереді, оны 1949 жылы табысты аяқтайды.
1950 жылдың 12 қазанында И.Ф. Павлов түнгі ұшу жаттығуында, қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапты. 20 қазанда оны Қостанайдағы қалалық зиратқа - қазіргі Жеңіс саябағындағы Батырлар Аллеясына салтанатты түрде жерледі.
Ескерткіш сипаттамасы
Ескерткіштің мерзімделуі: 1950 жыл
Орналасқан жері: Қостанай қаласы, Жеңіс саябағы
Қола мүсін тік бұрышты нысандағы мәрмәр тастан жасалған тұғырға орнатылған, И.Ф.Павлов ҰОС уақытындағы ұшқыш киімінде бейнеленген. Тұғырының оң жағында мынадай ойылған жазба бар: «Кеңес Одағының екі мәрте Батыры гвардия майоры Павлов Иван Фомич (1922 – 1950 гг.)». Тұғырдың негізінде граниттен жасалған тікбұрышты қабірлік плита.
Материалы – қола, мәрмәр тас. Күмбезі – 0,6 х 2 х 5 м. Тұғырының биіктігі – 1,5 м., мүсіннің биіктігі – 1 м.
Ескерткіштің авторы белгісіз.