2022 жылдың 4 қарашасында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлт тарихындағы ұмытылмас есімдер» атты Қазақстан журналистикасының негізін қалаушылар М.Сералин мен Н.Құлжанованы еске алу кеші өтті.
XX ғасырдың басында қазақ даласында журналистиканың негізі қаланған. Ұлттық журналистиканың жарыққа шығуы – сол кездегі қазақ халқының озық ойлы ұлдарының сіңірген еңбегі. Солдардың бірі -Мұхамеджан Сералин. Ол «Айқап» журналында 40-қа жуық публицистикалық мақалалар мен очерктер, «Ауыл», «Енбекші қазақ», «Ұшқын» газеттерінде, «Қызыл Қазақстан» журналында төңкеріс туралы, коммунистердің саясаты жайлы 20-дан астам мақалалар жариялаған. М.Сералин қоғамда болып жатқан барлық оқиғаларға өзіндік көзқарасы бар, аналитикалық ойлауы терең, табиғатынан дарынды адам болған.
Ал қазақтан шыққан тұңғыш журналист әйел – Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанова. Оның журналист ретіндегі алғашқы еңбектері «Қазақ», «Айқап», «Сарыарқа», «Қызыл Қазақстан», «Әйел теңдігі» журналдарында жарияланған. Ол өз мақалаларында қоғамдағы әйелдер мәселесін, әйелдің отбасы мен қоғамдық өмірдегі рөлін ашық жазған. Сондай-ақ шығыс әйелдері съезін ұйымдастырушылардың бірі болған. Нәзипа қазақтың тұңғыш журналист әйелі ғана емес, педагог-ғалым, тамаша аудармашы ретінде де танымал.
Шара барысында No27 орта мектебінің оқушылары журналистер М.Сералин мен Н.Құлжанованың өмірі мен шығармашылығы туралы толық мағлұмат алды. «Нұр-әуен» өнер студиясының домбырашылары қазақ халық композиторларының күйлерін орындап, кештің сәнін келтірді.