(1872 ж., Қостанай уезі, Шұбар болысының №5 ауылы, қазіргі Қостанай облысы Қарабалық ауданы Өрнек ауылы - 1929 ж.) - жазушы, ақын, журналист, қоғам қайраткері. Троицкідегі медреседе оқиды, содан соң Қостанайдағы екі кластық мектепке түседі, оны 1891 жылы аяқтайды. Арал өңірінде бірнеше жыл мұғалім болып жұмыс жасап, балаларға қазақ және орыс тілдерінен сабақ берді.
1900 жылы «Топжарған», 1903 жылы «Гүлқашима» поэмалары жарық көреді.
1911 жылы Троицкіде демократтық бағыттағы қоғамдық-саяси және әдеби басылым «Айқап» журналын шығарды. Ол журналдың бас редакторы болады, осы журналға оның қырықтан астам мақалалары мен очерктері басылған.
1915 ж. «Айқап» журналы жабылғаннан кейін Мұхамеджан Сералин Қостанай уезі Шұбаркөл болысындағы №5 туған ауылына оралып, ағарту қызметімен айналысады. Мұғалім болып, кітапхана ашумен айналысты, Қостанай уезінің ауыл мектептеріне көмектесті.
Мұхамеджан Сералин Кеңес өкіметі жылдарында Орынбор қаласындағы «Ұшқын» газеті редколлегиясының қызметкері, Кеңестердің Қостанай уездік атқару комитетінің жер бөлімінің меңгерушісі, губерниялық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
1923 жылдан 1926 жылға дейін Қостанай қаласындағы «Ауыл» қазақ газетінің құрушысы және редакторы болды. 1928 жылы «Еңбекші қазақ» республикалық газетінің редакторы болып тағайындалады.
Мұхамеджан Сералин 1929 жылы мамырда дүние салады, Өрнек ауылына жақын жерге жерленген.