Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

НАУШАБАЙҰЛЫ НҰРЖАН

(1859 ж. қазіргі Қостанай облысы Қостанай ауданының Құттық ауылы - 1919 ж.) - ақын. Ол анасынан ерте айырылып, нағашы әжесі Ағайшаның қолында тәрбиеленеді. Алғашында ауыл молдасынан сауат ашып, кейін Троицк қаласындағы медреседе оқиды. Ол өз бетінше оқып, орыс, татар, башқұрт және өзге де түрік тілдерін емін-еркін меңгерген.  Н.Наушабаев Ы.Алтынсариннің жақын достарының бірі болған. Оның шығармалары «Манзұмат қазақия», «Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың айтысы», «Алаш» деген атпен Қазанда басылып шықты. Бұларға «Заманның қалпына айтылған сөз», «Тақпақ», «Терме», «Леп ұрған жігіттерге» деген өлеңдермен қатар «Түлкі мен әтештің хикаясы», «Өгіз бен есек» деген мысалдары енген. Нұржан Наушабаев белгілі ақын, әнші, күйші композитор Сегіз сері Баһрамұлы Шақшақовтың өмірі мен ерлік істерін жырға қосып, «Сегіз сері» дастанын жазған. 

Халық арасында Нұржан мен Бибісараның айтысы кең тарады. Айтыстың күрделі түрінің бірі - жұмбақ айтысы.  С.Мұқанов «Халық мұрасы» еңбегінде: «Жұмбақ айтыстарының ішіндегі биігі, ең тамашасы осы Нұржан мен Сапарғалидың айтысы», - деп жазды. Бізге оның Бәтима қызбен және татар ақыны Сапарғалимен жұмбақ айтысы жеткен. «Қырық тілек» дейтін 13 жұмбақтан тұратын ғақлия өлеңінде ізгілікті, адамгершілікті насихаттап, адалдыққа, тазалыққа, Отанға қызмет етуге шақырады. Өлеңдері негізінен дидактикалық жанрда: толғау, терме, мысал, назым, ғақлия болып келеді. Көбінесе араб, парсы, шағатай ақындарының үлгісінде жазған. И. А. Крылов мысалдарына еліктеп бірқатар мысал өлеңдер жазған. Ол өлең жазумен бірге айтысқа түсіп те аты шыққан.