(1899 ж., № 21 ауыл, қазіргі Қостанай облысы Б.Майлин ауданы -1974 ж.) - театр және кино актері, Қазақ КСР-інің халық артисі, ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі.
Орынбор қаласындағы Қазақ халық ағарту институтында оқыған.1925 жылы Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік драма театры (қазіргі Қазақ мемлекеттік академия драма театры) құрылғанда алғашқы ұлт театрының іргетасын қалап, оның өркен жаюына мол үлес қосты. Өмірзақов Қазақтың мемлекеттік академиялық опера және балет театрын ұйымдастырушылардың бірі.Өмірзақов театрда ойнаған рөлдерінің саны 150-ден астам. Драма театрдағы рөлдермен шектелмей, радио мен филармонияға, эстрадалық концерттер мен кино өнерінің дамуына да қызу ат салысты, табиғи талантының әр қырынан танылды. Халық өнерінің қайнар көзінен нәр алған Өмірзақов әйгілі халық батыры Амангелдінің рөлін шеберлікпен сомдады. Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған. Қостанай қаласының Құрметті азаматы. Қостанай филармониясына Е.Өмірзақовтың есімі берілген.