(1869/1870 ж., бұрынғы Торғай оязы Қошалақ ауылы - 1919 ж.) - қазақ ағартушысы, мәдениет қызметкері, Алаш қозғалысының қатысушысы. Орынбор қаласындағы мұғалімдер даярлайтын семинарияны бітірген. Құлжанов бүкіл саналы өмірін халықты ғылым-білімге шақырып, туған елінің бостандығы мен тәуелсіздігі жолына арнады. 1905 жылғы Ресейдегі «Қанды жексенбіден» кейін социал-демократиялық партияның қатарына өтіп, ұлы державадағы патшалық билікке қарсы күрес жолына түсті. Құлжановтың азаматтық көзқарасының қалыптасуына А.Байтұрсынов үлкен ықпал еткен. 1905 жылы Семейдегі мұғалімдер семинариясында ұстаздық етіп, қазақтың болашақтағы ұлы азаматтары Қ.Сәтбаевқа, М.Әуезовке, С.Бегалинге дәріс берген. 1908 ж. Батыс Сібір географиялық қоғамы Семей бөлімшесіне мүшелікке қабылданып, оның тексеру комиссиясының құрамына енді. Құлжанов қазақ елінің тарихына, музыкасы, фольклорлық мұраларына байланысты зерттеулер жүргізіп, жиған-терген мүліктерін географиялық қоғамға тапсырған. Мақалалары «Қазақ», «Бірлік туы», «Үш жүз» газеттерінде жарияланып тұрды. Алаш ардагерлерімен пікірлес болды. Колчак жендеттерінің қолынан қаза тапты. Арқалық қаласында бір көше ерлі-зайыпты Құлжановтар есімімен аталады.