Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

ДУЛАТОВ МІРЖАҚЫП

(1885 ж. 25 қарашада Торғай уезі Сарықопа болысы (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданы, Қызбел ауылы) – 1935 ж.) - қазақтың аса көрнекті ағартушы, қоғам қайраткері, ақын, жазушы, драматург, публицист, педагог, Алаш көсемдерінің бірі. Міржақып Торғайдағы Ы. Алтынсарин ашқан екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқиды. Училищеде қазақ тілі мен әдебиетінен Ахмет Байтұрсынов сабақ береді, Міржақып Дулатовтың әдеби және саяси қызметі онымен тікелей байланысты болады. Педагогикалық курстарды тәмамдағаннан кейін Дулатов ауылда мұғалім болады. Ол өз білімін жетілдіріп, философия, математика, әдебиетті терең оқыды, шығыс мәдениетін де, батыс мәдениетін де толық білді. 1902 жылдан ауылда мұғалімдік қызметін атқара жүріп, бос уақытында әдеби кітаптар оқып, азды-көпті өлеңдер де шығара бастайды. «Қазақ» газеті жарық көргеннен бастап, оның бас редакторы Ахмет Байтұрсынұлының орынбасары қызметінде Міржақып Дулатұлы болды. Оның идеялары ХХ ғасырдың басында қазақ зиялыларының шығармаларында одан ары дами түсті. Мәселен, «Оян, қазақ!» өлеңі қазақ жастарының ұранына айналды. 1920-1930 жылдары М.Дулатұлы «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттерінің, «Қызыл Қазақстан» журналының редакцияларында еңбек етті, аудармашылық қызметпен айналысты.

Алаш басшыларымен бірге жаңа құрылыс жағына шығып, қалған өмірін түгелдей туған халқының мәдениетін көркейту мақсатына арнауды көздеген ол аз уақыт «Ақ жол» газетінің редакциясында, одан кейін Семей облысының сот органдарында қызмет атқарған. 1928 жылдың аяғында қамауға алынып, 1930 жылы ату жазасына кесілді, кейіннен 10 жылға лагерьге ауыстырды. 1935 жылдың 5 қазанында Сосновец лагерінің Орталық лазаретінде қайтыс болып, Карель АКСР-ның Беломорск ауданы, Сосновец темір жолы стансасы жанындағы зиратқа жерленді. 1988 жылы қарашада Міржақып Дулатов ақталды. XX ғасырдың бас кезіндегі қазақ мәдениеті мен әдебиетінің ірі өкілі Міржақып шығармалары халқымен қайта қауышты. Оның атында көшелер, мектептер, туған жерінде музей бар, ескерткіш орнатылған.