Ерді 1927 жылы БК(б)П Қостанай губкомы бай мүлкін тәркілеу барысында музейге тапсырды. Қостанай округі Қарабалық ауданының №10 ауылының тұрғыны, Сарой болысының бұрынғы болыстық билеушісі Бермұхамед Алдияровтың үйінен тәркіленді.
Ердің негізі (қапталы) ағаштан жасалып, иленген терімен қапталған. Ердің алдыңғы биік қасына күмістен жасалған жапсырма бекітілген. Қарайту тәсілі арқылы нақышталып, өсімдік тектес ою-өрнектер жүргізілген. Күмістің бетіне қызғылт сары үш ақық және көгілдір түсті перузалар қондырылған.