Қайнекей Жармағанбетов (1918-1974)

Қайнекей Жармағанбетов - ақын, жазушы, аудармашы. 1918 жылы Торғай облысының Шилі ауылында (қазіргі Қостанай облысының Жангелдин ауданы Шилі ауылы) туылған. 1974 жылы дүниеден өткен.

Әкесі қайтыс болғаннан кейін, 1931-34 жылдары Торғайдағы балалар үйінде тәрбиеленген. Педучилищеде орта білім алған соң, Қ.Жармағанбетов 1938 жылы Алматы педагогикалық институтына оқуға түсіп, 1941 жылы үздік бітіріп шыққан. 1949 жылы аспирантураны аяқтайды. Кейін Қ.Жармағанбетов партия, комсомол жұмыстарында жауапты қызметтер атқарды. 1948 жылдан шығармашылыққа ден қойып, институттағы оқытушылық қызметін қатар алып жүрді.

1941-1948 жылдары Қазақстан Компартиясы ОК-нде нұсқаушы, Қазақстан ЛКЖО ОК-нде хатшы, 1948-1958 ж. Абай атындағы Қазақтың педагогикалық институтында аға оқытушы, доцент, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Біраз уақыт Қазақстан Жазушылар одағында жауапты хатшы, әдеби кеңесші және «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналының редакторы болды. 1958-1964 ж. «Ара-Шмель» сатира журналының редакторы болған. 1964-1974 жылдары шығармашылық жұмыспен айналысты.

Ең алғашқы жинағы «Заман біздікі» деген атпен 1950 жылы шықты. Қазақ әдебиетінде баллада жанрының қалыптасуына зор үлес қосқан, өлеңдері мен балладалары «Адам туралы аңыз», «Мұғалима туралы баллада», «Балладалар», «Соңғы күн», «Сырлы тал», «Шыңдағы шамшырақ» атты жинақтарына енген. Әнші Ә.Қашаубаев жайлы «Әнші азамат» повесін, А.М.Горький, С.Мұқанов, Ж.Жабаев, М.Әуезов, Б.Майлин шығармашылығы туралы монографиялық еңбектер жазған.

А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.Ф.Шиллер, А.Мицкевич, А.Барто, т.б. өлеңдерін, Б.Ершовтың «Тұлпартай, сұңқартай» ертегісін, И.С.Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын аударған.

Үш рет «Құрмет белгісі» ордені, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің бес грамотасымен, «1941-1945 ж. Ұлы Отан соғысындағы ерлік еңбегі үшін» медалімен марапатталған. Оның есімімен Жангелдин ауданындағы орталық кітапхана және Торғай кентіндегі бір көше аталады. Шиліде мемориалдық мұражай, ескерткіш және кесенесі бар.

3D Тур
3D Тур
int-map-kz
О противодействии терроризму
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарты

Баннеры

Есебі

Бүгін43   Кеше52   Бір аптаның ішінде43   Айында1144   Барлығы165135  
2019, Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайы
Материалдарды мұражайға сілтеме жасағанда ғана қолдануға рұқсат етіледі
Сайтты жасау — «Иником» веб-агенттігі