Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

Музей қорының алтын жиынтығы

26.08.2022
Музей қорының алтын жиынтығы

Қазақстанның ұлттық бейнелеу өнері халық көркемсурет шығармашылығының, қолданбалы өнердің ежелгі дәстүрлерімен тығыз байланысты. XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басы бейнелеу өнерінің жаңа түрлері - кескіндеме, мүсін, графиканың қалыптасу және жедел дамыған кезеңінің басталуы Николай Хлудовтың атымен байланысты. Орыстың реалистік кескіндемесінде тәрбиеленген суретші XIX ғасырдың аяғында Қазақстанға келді, 1921 жылы жас суретшілер тобынан тұратын студияны басқарды. Бірінші қазақ суретшісі, кәсіби қазақ бейнелеу өнерінің негізін қалаушы кескіндемеші және график Әбілхан Қастеевтің ұстазына деген алғысы шексіз.

1930-шы жылдардың ортасында Қазақстан суретшілер Одағы құрылып, алғашқы Көркемсурет галереясы ашылды. Бейнелеу өнерінің ұлттық мектебін қүруға өз тағдырларын Қазақстанмен ұзаққа байланыстырып, қазақстан табиғатының сұлулығына және халықтың талантты шығармашылыгына тәнті болған ресейлік суретшілер Николай Крутильников, Абрам Черкасский, Леонид Леонтьев, Баки Урманче үлестерін қосты. 1950-1960 жылдары еліміздің көркемсурет өміріне Москва, Ленинград, Харьков, Киевтегі ең жақсы деген жоғарғы оқу орындарында білім алған кескіндеме, графика, мүсін шеберлерінің жаңа толқыны келіп қосылды. Молдахмет Кенбаев, Сабыр Мәмбеев, Хакімжан Наурызбаев, Үкі Әжиев, Камиль Шаяхметов, Евгений Сидоркин, Жаңатай Шарденов, Салихитдин Айтбаев қазақстан өнерінің классикасына айналған туындыларды сомдады.

1938 жылғы қостанайлық суретшілер мен қолданбалы өнер шеберлерінің алғашқы облыстық көрмесінің үздік жұмыстары Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейіндегі қазіргі уақытта 4 мыңға жуық көркемсурет туындылары жиынтығының негізін қалады. 1962 жылы Алматы қаласындағы көркемсурет көрмесінің дирекциясы тапсырған республикамыздағы маңдай алды суретшілердің туындылары музей қорының маржаны болып табылады. Бұл туындылардан Қазақстан бейнелеу өнерінің барлық тарихын көруге болады.

1995 жылы музей қоры Кеңестік мәдениет қорының Қостанай бөлімшесі тапсырған белгілі қазақстандық және қостанайлық суретшілердің, Ресей, Украина, Күнгей Кавказ шеберлерінің кескіндемелік және графикалық жұмыстарымен толықты.

 

«Музей қорының алтын жиынтығы» көрмесіне қойылған қазақстан көркемсурет мектебінің негізін қалаушылардың туындыларының арасынан қостанайлық суретшілердің  жұмыстары  лайықты орын алады.