Денисов ауданы аумағындағы Қамысты қорғанысы - жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысан. Қола дәуіріне жатады. Археологтар Қамыстыны белгілі «Қалалар еліне» - Орал-Қазақ даласының ежелгі өркениетіне жатқызады. Бұл - Қазақстан аумағындағы үнді-еуропа тайпасы арийлердің қалатектес мәдениетінің ескерткіші. Қамысты қорғанысына 4 мың жылдан астам уақыт болған. Оны Қазақстан Арқайымы деп те айтады, себебі Челябі облысындағы «Арқайым» тарихи-мәдени қорығына ұқсас.
Қамысты да Арқайым тәрізді күн пішінінде салынған. Мұндай қалаларды - күн қалалары деп те атайды. Ежелгі қалада екі қорғаныс дуалы, ор, алаң айналасын қоршаған жапсарлас тұрғын жайлары және кәріз жүйесі бар. Археологиялық табылымдарға қарағанда, оның тұрғындарының жазбасы болған, астрономияны жақсы білген. Ең алғаш қала мәдениетінің ескерткіші - Қамысты 1950 жылы, аэрофототүсірілімді талдау барысында анықталған. Сол кезеңде Қамысты мен Арқайымды байланыстырған, керуен жолдарының іздері де байқалған. 1990 жылдан бастап белгілі археологтар Виктор Логвин және Геннадий Зданович зерттеулер жүргізді.