Амангелді ауданы Амангелді ауылының орталық алаңында халық батыры, Торғайда Кеңес өкіметін орнату жолындағы күрестің белсенді қатысушысы Амангелді Имановтың жерленген орны бар. Амангелдінің ұйымдастырушылық және қолбасшылық қабілеті 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде айрықша көрінді. Амангелді Иманов жекелеген қазақ жасақтарын бірыңғай әскерге жинақтап, 1916 жылы тамыз айының басында бас қолбасшы - сардарбек болып сайланады.
Амангелді Иманов 1919 жылдың 19 мамырында өзара қақтығыс кезінде қаза тауып, Алакөлге жерленген. 1940 жылы халық батыры Амангелді ауданының орталығына (бұрынғы Батпаққара ауылына) қайта жерленді, 1960 жылы зиратқа ескерткіш орнатылды. Ескерткіш авторы – мүсінші, Қазақстанның халық суретшісі Хәкімжан Наурызбаев.