Арқалық қаласы аумағындағы, Жаңақала ауылының жанында Әбдіғаппар Жанбосынұлының кесенесі орналасқан. Ол Торғай даласының тумасы, орта жүз қыпшақ руының атақты биі Нияздың немересі. 1916 жылы 21 қарашада 13 болыс өкілдерінің құрылтай жиналысында Әбдіғаппар хан сайланды. Ол 20 халық өкілдері тұратын кеңестің көмегімен көтерілісшілерді басқарды. Әбдіғаппар халық арасында үлкен абыройға ие болып, 1916 жылы ұлт-азаттық қозғалыс уақытында мыңдаған әскердің бірігуіне септігін тигізді.
1918 жылы наурызда Әбдіғаппар Жанбосынұлы Орынбор қаласында өткен Кеңестердің І съезіне қатысып, кейіннен Кеңес өкіметінің саясатын жүргізуден бас тартты. 1919 жылы қарашада, Зәуре қопасында қызыл әскердің қолынан қаза тапты. Әбдіғаппар ханның сүйегі Жаңақала ауылының маңындағы ескі қорымда жерленген. 2010 жылдың жаз айында Әбдіғаппар Жанбосынұлының 130 жылдығына орай ұрпақтары ақ тастан жаңа кесене тұрғызды.