Жангелдин ауданы, Бидайық ауылындағы Міржақып Дулатов кесенесі -жалпыұлттық маңызы бар киелі нысан. Міржақып Дулатов - ХХ ғасырдағы қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, жазушы, қоғам қайраткері, «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің бірі. 1913 жылдан Ахмет Байтұрсыновпен бірге Орынборда «Қазақ» қоғамдық-саяси газетін шығарып, «Алаш» партиясының бағдарламасын жазуға ат салысты.
Міржақып Дулатовтың тағдыры оның көптеген замандастарының тағдыры сияқты өте қайғылы. 1930 жылы ату жазасына кесілді, кейіннен 10 жылға лагерьге ауыстырды. 1935 жылдың 5 қазанында Сосновец лагерінің орталық лазаретінде қайтыс болып, сол маңдағы зиратқа жерленді. 1988 жылы қарашада оның есімі біржола ақталды. 1992 жылы Міржақып Дулатовтың туған жері Жангелдин ауданының Бидайық ауылына сүйегі қайта жерленіп, кесене орнатылды.