Сатыбалды ишан Ғабдоллаұлы кесенесі - Торғай өңірінің қазақ мемориалды - діни сәулет өнерінің ең мәнерлі ескерткіштерінің бірі. Екі күмбезді кесенені Сатыбалды ишанның үлкен ұлы Мырза ишан 1899 жылы тұрғызған, кесене Амангелді ауылының көне қорымында орналасқан. Бұл-жергілікті маңызы бар киелі нысан.
Сатыбалды ишан өз уақытының ғұлама дін мамандарының бірі болды. Ол жерлестерін тек ислам негіздеріне ғана емес, көптеген тұрмыстық даналықтарға да үйретті, оған ұзақ саяхат жылдары мен елден жырақтағы өмірі де әсер етті. Қайтыс болғаннан кейін Сатыбалды ишан әулие атанған. Әулиеге зиярат етіп, дертіне шипа тілеген жандар 100 жылдан артық уақыттан бері және күні бүгінге дейін барлық аймақтардан келуде. Кесенеде Сатыбалды ишанның ұлы Файзолла мен оның жақын досы Омар Қалпе жерленген.