Қазақтың көрнекті ағартушысы, педагог, этнограф, жазушы, Торғай облысы мектептерінің инспекторы Ыбырай Алтынсарин есімі халық жадында мәңгі сақталған. Қостанай ауданы, Мичурин ауылынан алыс емес жерде Ыбырай Алтынсарин кесенесі орналасқан. Ол жалпы ұлттық маңызы бар киелі нысандар қатарына жатады. Ыбырай Алтынсарин 14 оқу мекемесін аша отырып, қазақ халқының зайырлы білімінің негізін қалады. Ол «Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» оқулықтарын, «Шариат-ул-ислам» кітабын жазды.
Ы.Алтынсариннің бейітіне ескерткіш 1960, 1981, 1991 жылдары үш мәрте қойылды. Ағартушының 150 жылдығына орай, бұрынғы ескерткіштің орнына порталды-күмбез түрінде қызыл кірпіштен кесене тұрғызылды. 2017 жылы кесенені қайта қалпына келтіріп, аумағы мен биіктігі ұлғайтылды. Әрлеуге Маңғыстау облысынан әкелінген гранит пен ақ әктас-ұлутас пайдаланылды. Сонымен қатар барлық іргелес аумақ абаттандырылып, жарық орнатылды, іс-шаралар өткізуге арналған алаңдар да қарастырылған.