Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

«Денисов өлкесі: ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін» көрмесі

26.06.2026
«Денисов өлкесі: ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін» көрмесі

2026 жылғы 26 маусымда Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде Денисов тарихи-өлкетану музейі қорынан «Денисов өлкесі: ежелгі заманнан бүгінгі күнге дейін» атты көрменің ашылуы өтті.

Аталған көрме Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі жүзеге асырып отырған «Облыс музейлерінің музейаралық байланысы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба өңір музейлерінің өзара тәжірибе алмасуына, тарихи-мәдени мұраны кеңінен насихаттауға және келушілерге аудандық музей қорларындағы құнды жәдігерлерді таныстыруға бағытталған.

Көрме төрт негізгі бөлімнен тұрды. Археология бөлімінде қола және ерте темір дәуірлеріне жататын бірегей археологиялық олжалар қойылды. Этнография бөлімінде өңір тұрғындарының дәстүрлі тұрмысын, қолөнері мен шаруашылығын бейнелейтін құнды бұйымдар ұсынылды. Фотоқұжаттық тарих бөлімінде ауданның қалыптасуы мен даму кезеңдерін көрсететін сирек архивтік фотосуреттер мен тарихи құжаттар көрермен назарына ұсынылды. Ал бейнелеу өнері бөлімінде қостанайлық суретшілердің өңірлік пленэрлер барысында салған туындылары қойылып, Денисов ауданының табиғаты мен көркем келбеті бейнеленді.