Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

«Акварель әлеміне саяхат» - музейдің қор жиынтығынан көркемсурет көрмесі.

13.07.2022
«Акварель әлеміне саяхат» - музейдің қор жиынтығынан көркемсурет көрмесі.

2022 жылдың 12 шілдесінде  Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде  «Акварель әлеміне саяхат» көркемсурет көрмесі ашылды. Көрмеде Қазақстан мен Ресейдің кеңестік кезеңдегі көрнекті суретшілерінің музей қорындағы жұмыстары қойылған. Cан қырлы шығармашыл тұлғалар өздерінің қызметі арқылы бейнелеу өнері тарихына есімдерін жазып қалдырды және бұл өнерді шын мәнінде жарқын әрі қызықты етті.

Акварель - кескіндеме мен графиканың ерекшеліктерін біріктіретін бейнелеу өнерінің бір түрі. Акварель суретшілерге ауа мен ылғалдылықтың әсерін, аралас техникада, мысалы, Д.А.Безруковтың «Тыныштық», «Киіз үй» және Р. Великановтың «Гүлдер алаңы» нұсқаларындағыдай мәнерлі жеткізуге мүмкіндік береді. Музей қорындағы Қ.Қ.Қожықовтың «Жартастың жанындағы қой отары», қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі  бейнеленген Үкі Әжиевтің «Ана мен бала» туындысы қойылған. Қазақстанның халық суретшісі, еңбек сіңірген өнер қайраткері, акварельші Әубәкір Ысмайыловтың шығармаларын бөлек атап өтуге болады. Суретшінің әр кезеңде (60-шы, 80-ші жылдары) жазылған «Жер жыртудың аяқталуы», «Қапшағай күріш зауыты», «Балқаштың жаңа жағалауы», «Маңғышлақтың жаңа өнеркәсібі» атты еңбектері Қазақстан өнеркәсібінің дамуы мен тың игеруге арналған.

 

Қазіргі уақытта акварель жұмыстарына қызығушылық, әсіресе коллекционерлер, интерьер дизайнерлері, инвесторлар арасында артып келеді. Музей көптеген адамдарға республикалық және халықаралық маңызы бар акварельші-суретшілердің шығармашылығымен танысуға мүмкіндік береді.