ХІХ ғасырдың аяғынан бастап зерттеушілерді белгілі диаметрлі көлденең ойығы бар кішкентай тас заттар қызықтыра бастады. Қазіргі заманғы археологиялық әдебиетте көлденең ойықты заттарға «үтікшелер» деген атау берілген. Ертеректе оларды «түзеткіш», «тегістегіш», «өңдеп қырнаушы», «жебе саптарын түзеткіш» деп атаған.
«Үтікшелер» әртүрлі пішіндерімен ерекшеленеді, олардың арасында қайық тәрізді және сопақтары басым, төменгі беті тегіс және жоғарғы беті шығыңқы болады, оларды көбінесе бір, сирек - екі, үш ойық қиып өтеді.
Олар – тәжірибелік және ғұрыптық екі қызмет атқаруы мүмкін. Кейбір жағдайларда бұл қызметтер сәйкес келуі де мүмкін.
Бірінші қызметі бұйымның елді мекендердің тұрғын үйінде өндірістік кешендердің құрамында болуымен расталады. Мұндай - бүйір жиегі биік жіңішке заттар жебе немесе найзалардың ағаш саптарын тегістеу үшін қолға ұстауға ыңғайлы.
«Үтікшелер» өте сирек кездесетін олжаларға жатады. Олар табылған аумақтың ауқымды масштабы мен хронологиялық шеңбері көлденең ойықты заттарды бірегей археологиялық артефакт ретінде қарастыру керектігін көрсетеді.