Қазақ ерлерінің бас киімі әр түрлілігімен ерекшеленеді. Барлық тап ерлерінің арасында киіз «қалпақ» кеңінен қолданылды. Жазда киетін қалпақты жұқа киізден конус тәрізді тіккен, биік, төбесі дөңгелектенген немесе сүйір болып келеді, оны бірдей екі жартыдан тіккен. Төменгі жағы қайырылып, жалпақ келген. Оны қара немесе қызыл матамен көмкерген. Жоғарғы жағын шашақпен безендірген.
Қазақтың ел билеуші лауазымды тұлғалары «айыр қалпақ» киген, оны кейде «мұрақ» деп те атаған. Шеттері жоғары қарай қайырылған конус тәрізді бас киімді ақ киізден тігіп, жібек және алтын жіппен зерленген. Сырты атлас немесе барқыттан тігілген. Алтын жіппен зерленген.
Ер адамдардың ХІХ ғасырдағы салтанатқа киетін бас киімі «айыр қалпақ» 1927 жылы байдың мүлкін тәркілеу барысында Қостанай округі Қарабалық ауданының № 10 ауылының тұрғыны, болыс басқарушысы Бірмағамбет Алдияровтың үйінен тәркіленді. БК(б)П Қостанай губкомының шешімімен музейге тапсырылды. Жоғарғы жағы күмбез тәрізді, етегі кең келген қалпақ ақ киізден тігілген және алтындалған металл жіппен зерленген.