Көшпелі кино көрсеткіш немесе шағын кино көрсеткіш құрылғы тұрақты кино көрсететін құрылғылармен жабдықталмаған шағын көрермендер залында негізінен жіңішке үлдірлі (16-мм) кинофильмдерді көрсетуге арналған. Кеңес кинематографиясының қалыптасу және даму кезеңінде осындай киноқұрылғылар КСРО-ның кең-байтақ аумағында, әсіресе, шеткері ауылдық аудандарда, дала қостарында, қыстауда, іздестіру экспедицияларында, ағаш өңдеуде саяси-идеялық және ғылыми-мәдени насихат жүргізуде зор роль атқарды.
Жылжымалы кино көрсеткіш жиынтығы: кино көрсеткіш аппарат, дыбыс жиілігінің электрлік сигналын күшейткіш және дауыстап айтатын құрылғы, 127 вольт және 220 вольт кернеуге арналған автотрансформатор, бүктемелі кино көрсететін экраннан тұрады. Электр желісі тартылмаған жерлерге барғанда жиынтық шағын жылжымалы электр станциясымен толықтырылатын болған. Кино көрсеткіш құрылғыны бір орыннан екінші орынға ауыстырғанда автокөлік пайдаланылды; кей жағдайларда арнайы жылжымалы автокинокөрсеткіштермен жабдықталды.