Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

Яга - башқұрт әйелдерінің кеуде әшекейі

07.04.2021

Музейдің ең қызықты жәдігерлерінің бірі – «яга» - башқұрт әйелдерінің дәстүрлі кеуде әшекейі. ХХ ғасырдың басында жасалған. 1985 жылы Троицк қаласының тұрғыны, коллекционер Вахитовтан сатып алынған.

Оңтүстік Оралдағы башқұрт әйелдерінің арасында кең тараған яга негізі трапеция пішіндегі сырып тігілген қызыл түсті матадан тұрады, оған маржан, меруерт моншақтар тігіліп, седеп түймелер, күміс тиындар мен әшекейлер тағылады. Кеуде әшекейінің астары қалың етіп жасалады. Маржан кесте түрінде орындалған, шашақпен әшекейленген, ұштарына тиындар таққан төменгі бөлігі қозғалмалы болып, ерекше сәнді  көрінеді. Яганың айрықша сипаты –мойынның артқы жағына тоқыма бау немесе түйме арқылы бекітілетін жоғары бөлігінде орналасқан «жағасы» болып табылады. 

Беткі жағы Ресей империясының және КСРО-ның, Германия, Польша, АҚШ және Қытайдың тиындарымен әшекейленген. Сыңғырлаған дыбыс шығару үшін тиындарды, көбінесе күміс тиындарды таққан, башқұрт әйелдерінің нанымы бойынша, металл сыңғыры жындарды қуады деп сенген. Мұндай кеуде әшекейлерінің салмағы орташа есеппен 3-4 келіні құраған. Маржан, ақық, перуза, тана, күміс сыңғыры жаман күш иелерін қуып, тазалайтын қасиеті бар деп санаған.

       Дәстүр бойынша, әрбір башқұрт қызының жасауында яга болуға тиіс. Мұндай кеуде әшекейін көздің қарашығындай сақтап, анасынан қызына, әжесінен немересіне қалдырып отырған. Оның құндылығын білсе де, қарақшылардың өзі тонағанда, әйелдердің ягасын алмаған. Әйелдердің қасиетті тұмарына қол сұғу қаскүнемнің бар тұқымын бақытсыздыққа ұшыратады деп есептелген.