Биыл Қостанай облысы ең маңызды даталардың бірі облыстың құрылғанына 80 жыл толуын атап өтеді. 1936 жылы 29 шілдеде Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Калинин Ақтөбе облысының 11 ауданынан және бұрынғы Қарағанды облысының 1 ауданынан Қостанай облысын құру туралы жарлыққа қол қойды.
Шағын ғана қала болған Қостанай қарқынды дамып, ірі облыстық әкімшілік, экономикалық және мәдениет орталығына айналды. Осы жылдар ішінде Қостанай облысы көп нәрсеге қол жеткізді. 1936 жылы көп позиция бойынша Республикада соңғы орындардың бірінде болған Қостанай облысы Қазақстандағы ауыл шаруашылық өнімдерін жеткізетін, тау-кенді өндіретін және қайта өңдейтін дамыған аймаққа айналды.
2016 жылы 20 шілдеде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Туған өлке, жүрекке сен қымбатсың» атты әдеби-музыкалық кеш өтті. Қостанай қаласының №6696 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері осы кештің қонағы болды. Іс-шара барысында облыстың құрылу тарихы туралы, облыстың дамуына үлес қосқан адамдар жайлы айтылды. Қостанай облысы бойынша виртуалды экскурсия жасалды, ең бастысы - Қазақстанның дамуындағы Қостанай облысының рөлі көрсетілді.