Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – біздің мемлекетіміздің, егемендігіміздің берік негізі. Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз бүкіл халқымызды жұмылдырып, рухтандырып тұрады.
1992 жылдың 4 маусымы Қазақстан Республикасының рәміздері күні болып тәуелсіз еліміздің тарихында қалды. 2007 жылғы 4 маусымда Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың қол қойып бекіткен «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы мемлекеттік рәміздерімізді пайдалану тәртібін нақты белгілеп берді.
Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері мерекесі қарсаңында 2014 жылы 4 маусымда Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері Қостанай қаласындағы №21 ОМ оқушыларына “Рәміздерім - мақтаншым” атты мұражайлық сабақ өткізді. Іс-шара барысында оқушылар «Әнұран жолдарын құра», «Қазақстан», «Қазақстан Республикасы туралы не білем?» атты викториналық ойындарға қатысты.