Қазақ халқы өз ұл-қыздарының Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлiктерiн ешқашан ұмытпайды. 1941-1945 жылдардағы соғыста немiс басқыншыларынан сол кездегi ортақ Отанымызды азат ету жолындағы қазақстандықтардың, соның iшiнде, қостанайлықтардың ерлiгi де еш ұмытылмақ емес. Ұлы Отан соғысы жылдарында қолына қару ұстап, батысқа аттанған 73 мыңнан астам жерлестеріміздің жартысына жуығына топырақ туған жерден бұйырмады.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлері ақпан айынан бері Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арнап «Майдан хаттары» акциясын өткізуде. Соғыс жылдарының куәсі болған, сұрапыл жылдар тарихынан сыр шертетін, сарғайған бір жапырақ сары қағаз беттері Отанға, отбасына, туыс –тума, туған жерге деген махаббат пен сұм соғысты ертерек жеңіп туған елге оралсақ деген армандардан сыр шертеді. Бұл хаттарды сезімсіз оқу мүмкін емес.... Олардың мазмұнынан көп нәрсені ұғуға болады. Хаттар өлеңмен де, қара сөзбен де жазылған. От пен оқтың ортасында жүрген жауынгерлердің отбасына, ет жақындарына, аяулыларына жазған үшкіл хаттары бүгінде мұражай қорының тарихи жәдігеріне айналған. Мұражай қорынан алынған майдан хаттары түпнұсқаларының санды көшірмелері Жеңістің 70 жылдығына арналған іс-шараларға қатысушыларғы таратылды және мұражай сайтында көрсетілген.
Мұражай қызметкерлері 2015 жылы 4 наурызда Сити-орталықта Қостанай қаласының тұрғындары мен меймандарына «Майдан хаттары» интерактивті акциясын өткізді. Іс-шара барысында әскери үлгіде киінген мұражай қызметкерлері мұражай қорында сақталған Қызыл Армия жауынгерлерінің майдан хаттарының санды көшірмелерін таратты және осы хаттарды жазған адамдардың тағдыры жайлы ақпараттар берді. Акцияға мыңнан астам адам қатысты.