Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында 12 наурызда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Біртұтас шаңырақта» көркемсурет көрмесінің салтанатты ашылуы болды.
Орталық Азияның саяси картасында 1465 жылы қуатты Қазақ хандығының пайда болуы ұрпақтары қастерлеп еске алатын сұлтандар Жәнібек пен Керейдің есімдерімен тікелей байланысты.
Батырлар туралы аңыздар, қазақтың байтақ даласындағы ата-бабаларымыздың ұлы істері мен бейбіт өмірі туралы естеліктер қазақстандық белгілі кескіндеме және графика шеберлерінің туындыларынан көрініс тапқан. Көрмеге мұражайдың қор жиынтығындағы 26 туынды қойылған. Олардың ішінде Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Исатай Исабаевтың «Қазақтың халық жыры» сериясындағы офорттары, ҚР суретшілер Одағының мүшесі Қадырбек Қаметовтің «Менің халқымның тарихы» сериясынан «Соғыс» литографиясы, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері Константин Барановтың «Темірдің қалмақ ханымен жекпе-жегі» акварелі, белгілі график Темірхан Ордабековтің құштарлыққа, қасіретке толы «Дала әуендері» сериясындағы туындылары, сонымен қатар өзге де белгілі суретшілердің туындылары қойылған.
Көрмеге келген қонақтар - Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалы студенттері, Қостанай педколледжі оқушылары, суретшілер және мәдениет саласының қызметкерлері. Шығармашыл зиялы қауымның алдында тарих ғылымдарының кандидаты А.Б.Шалғымбеков, ҚР суретшілер Одағының мүшесі С.И.Шалунова сөз сөйледі.
Көрменің салтанатты ашылуында Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының жеке орындаушысы Манапбек Қадыровтың орындауындағы Ақтанбердінің толғауы ерекше әсерге бөледі.