2018 жылдың 9 ақпанында белгілі қостанайлық суретші-зергер, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, Қостанай Меценаттар клубы «Қазына» сыйлығының иегері Леонид Игошиннің 85 жасқа толуына орай «Өмірдің өрнекті суреті» атты дербес көрмесінің ашылуы өтті.
Көрмеде автордың көркем туындылары ұсынылды, олар Л.А. Игошиннің жеке топтамасынан, сондай-ақ Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қор жиынтығынан алынған.
Леонид Александрович Игошин - танымал шебер-зергер, оның өнері Қазақстаннан тыс жерлерге де танымал. Оның шығармашылық өмірбаяны 1957 жылы Красное-на-Волге селосындағы металды көркем өңдеу училищесін аяқтағаннан кейін басталады. Л.А.Игошин жиырма төрт жасында Красносельский зергерлік зауытындағы бас суретшілердің бірі болды. Суретші сымкәптеу техникасында ғажайып шеберлікке қол жеткізіп, айрықша «игошиндік стиль» жасады – қомақты шекімені енгізіп, алғаш рет сегіз-он қабаттан тұратын айқын бедерлі зер салды.
1971 жылы КСРО Министрлер Кеңесінің қаулысымен Л.А.Игошинді Қазақ КСР-нің астанасы Алматыға жіберіп, Қазақстанда ашылған «Кәдесый» зергерлік фабрикасына бас суретші болып тағайындалады. Л.А.Игошин «Қазақфильм» киностудиясының тапсырысымен аты аңызға айналған қазақстандық «Қыз Жібек» фильмінің түсіріліміне әшекейлер мен жауынгерлік қару-жарақтар жасады. Ол Алматыдағы сән үйінің Франциядағы көрсетілімі үшін әшекей бұйымдар сериясын дайындады. 1973 жылы Леонид Игошин мемлекеттік тапсырысты орындау үшін Қостанайға келіп, осы қалада ұзақ жылдарға қалады.
Л.А.Игошин - облыстық және республикалық көптеген көрмелердің қатысушысы. Оның сымкәптеу техникасында жасаған жұмыстары АҚШ, Германия, Бельгия, Франция және Канадада өткен 8 халықаралық көрмелерде қойылды. Л.А.Игошиннің туындыларына нәзік жіп-бұрамалардың тұсындағы гүлді табақшалар мен жапырақтарға толған сәнді өсімдік өрнектері, дәстүрлі қазақ өрнегінің сарынын қолдану тән. Л.А.Игошиннің туындыларында өңдеу тастары мен жартылай асыл тастарды қондыруы өзіндік ерекшелігі болып табылады. Оның жұмыстары композициялық шешімінің жаңашылдығы, нәзіктігі және жеңілдігімен ерекшеленеді.
«Өмірдің өрнекті суреті» атты көрме бір ай бойы жұмыс істейді.