2018 жылдың 22 ақпанында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқановпен кездесу кеші өтті. Кешке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин, Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектептің 10 сынып оқушылары қатысты.
С.Б. Бұқанов - Қостанай облысының және Меңдіқара ауданының Құрметті азаматы, Қостанай облыстық Қоғамдық Кеңестің төрағасы «Қазақстанның Еңбек Ері» Алтын жұлдызымен, «Отан» және «Құрмет» ордендерімен, «Атамекен Одағы» Ұлттық экономикалық палатасының алтын медалімен, облыс, аудан әкімдерінің көптеген алғыс хаттарымен марапатталған. Бірнеше рет Қостанай облыстық мәслихатының, аудандық кеңсінің депутаты болып сайланды. Ұзақ жылдар облысымыздағы үздік ауылшаруашылық өндірісінің бірі «Қарқын» ЖШС басқарған.
Кеш барысында Сайран Бұқанов өз кәсібінің қыр-сырымен, еңбек жолында жеткен жетістіктерімен бөлісті, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Қалибек Деріпсалдиннің «Мерекелі Меңдіқара», «Қостанай – достар-ай» әндері кештің ажарын ашты. Шара барысында С.Бұқанов туралы «Біздің елдің жігіттері» фильмі көрсетілді.