Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде 2021 жылдың 26 наурызынан бастап суретші-дизайнер Анар Сейітжанның жеке топтамасынан «Бастау» атты кілемдер көрмесі өз жұмысын бастады.
Көрмеде үлкен топтаманың тек аз ғана бөлігі ұсынылған, бұл тұскиіздер мен бірнеше түкті және тықыр кілемдер. Тұскиіздер - күнделікті өмірде кеңінен қолданылған, П тәрізді жиектерде кестелермен безендірілген қабырға кілемдері, олардың композицияларында өсімдік, космогониялық, геометриялық және зооморфты өрнектер бар. Түкті және тықыр кілемдердің негізі қылшық жүннен дайындалып, боялған жіптерден тұрады.
Кілемдердің аясы қою қызыл немесе қызыл қоңыр болады, оған ою-өрнектер түсіріледі.
Көрмеде ұсынылған тоқыма бұйымдар негізінен 1960-1970 жылдар деп мерзімделеді. Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.