2022 жылдың 27 мамырында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Ү.Б.Әкімбаева «Қазақстан: тарихи тағылым саясаты» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға қатысты. Конференцияның ұйымдастырушылары: Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы, А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті, «Nur Arman Events» қоғамдық бірлестігі. Конференция А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде өтті. Конференция модераторы – Қостанай облысы әкімдігінің қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары А.М.Кәкенов.
Конференцияның ашылуында А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Стратегиялық даму және цифрландыру жөніндегі проректоры Арман Оразалыұлы Исмаилов сөз сөйледі.
Конференцияда «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Озғанбаев Өмірзақ Озғанбайұлы «Жазықсыз жалалы болғандарды ақтау - гуманистік қадам» тақырыбында баяндама жасады. Шаруаларға қатысты репрессиялық саясат жөнінде Мемлекет тарихы институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі Еркін Аманжолұлы Әбіл тоқталды, «Алаш» отряды туралы «Мәңгілік Ел» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры Ахмет Аққали Қабижанұлы, ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында Солтүстік Қазақстанға немістерді депортациялау және орналастыру жайында П. Чужинов атындағы Экономика және құқық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры Табулденов Әлібек Нұрмағамбетұлы, Қостанай облысының аумағындағы қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтауды зерделеудің негізгі мәселелері бойынша Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу және ақтау орталығының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің қауымдастырылған профессоры Серікжан Сағындықұлы Исмаилов, 1941-1942 жылдары Қазақстанға депортацияланған поляк азаматтары арасындағы поляк өкілдіктерінің қызметі туралы тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-нің құрметті профессоры, Гданьск (Польша) қаласындағы екінші дүниежүзілік соғыс музейінің ғылыми бөлімінің бас маманы Дмитрий Панто айтып өтті.