2019 жылдың 15 қарашасында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы, драматург Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына арналған «Халық жадында» атты әдеби кеш өтті. Ақын-жазушылар, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінің студенттері қатысты. Кеш барысында музей қорынан алынған фотосуреттер мен құжаттар көшірмелері, ҚР Орталық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар және дыбыстық жазба архивінің қорынан алынған деректі фильмдерден Б.Майлин туралы естеліктерден үзінділер көрсетілді. Б.Майлиннің өмірі мен шығармашылығы жайында, жазушылық, журналистік шеберлігі туралы С.Оспанов, Н.Мұқатов, Ә.Беркенова, А.Шаяхмет айтып өтті. Кеште ақындар С.Оспанов, Н.Мұқатов жазушыға арналған өлеңдерін оқыды. Кеш барысында Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Т.Молдағалиев халық әнін орындап, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттері Б.Майлиннің өлеңдерін оқыды.