Қостанай облыстық тарихи-өлкетану мұражайында қазіргі заманғы қазақстандық суретшілердің - Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Академиясының бакалаврлары мен магистранттарының шығармашылығын таныстыратын Қазақстандағы жастардың алғашқы жылжымалы «Арт Сапар» көрмесі ашылды. Көрмеге Қазақстанның әр өңірінен шыққан 13 автордың 100-ден астам кескіндеме, мүсін, графика, дәстүрлі сәндік-қолданбалы өнер туындыларын қойылған. Әрбір автор өзінің шығармашылық ұстанымын ашып көрсету үшін графиканы, сонымен қатар материалда және түрлі түстерден тұратын туындыларды, соның ішінде түпнұсқалық текеметтер мен «ши» өруді қос үлгіде ұсынды. Еуропалық станоктық кескіндеме шеберлері мен көп ғасырлық ұлттық дәстүр тәжірибелеріне сүйене отырып, суретшілер бейнелеу өнері құралдары арқылы туған жер және оның тарихы туралы ой толғап, жаңа егемен Қазақстанның көрінісін өз пайымдауы арқылы әлемге жеткізеді.
Жастығына қарамастан суретшілердің әрқайсысы Республикалық және Халықаралық байқаулар мен көрмелерге бірнеше рет қатысқан. Радина Батпенова, Зарина Шүкетай, Мөлдір Сағындықова - Қазақстан суретшілері Одағының мүшелері, Бауыржан Досжанов - Еуразиялық дизайнерлер одағының мүшесі.
«Арт Сапар - Қостанай» бағдарламасында - мүсіншілер Сарбас Данияр мен Бағдат Сәрсенбиевтің жаңа туындылары, «Kazakh traditional calligraphy» графикалық суреттері таныстырылды, мүсінші Талғат Жұмағұлмен шығармашылық кездесу өткізіліп, қазақ өнерінің ерекшеліктері туралы сыр-сұхбат болды.