2021 жылы 23 сәуірде Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде Л.И. Русин атындағы жеке меншік көркемсурет мектебінің оқушылары мен оқытушыларының жұмыстарының «Қаладағы қала» атты көрмесі ашылды.
Көрмеде 5 жастан 17 жасқа дейінгі оқушылардың 130-дан астам шығармашылық туындылары ұсынылды. Мазмұны мен орындалуына қарай әр түрлі және қызықты, туындыларда оқушылардың шығармашылық қиялдары мен ойлары көрсетілген. Мектеп оқушылары акварель, гуашь, аппликация, пастель, қарындаш, майдың түрлі техникаларында жұмыс істей алатындарын толық көрсетті. Жұмыстарды жасауда қағаз, жұқа киіз, жүн жіп, кенеп, қатты қағаз және тағы басқа материалдар қолданылған.
«Қаладағы қала» көрмесінің тақырыбы оның алуан түрлілігімен көрсетілген. Туындыларда туған қаламыз Қостанай бейнеленген – бұл таныс жерлер, ескі аулалар, саябақ, алаң, жағалау және сүйікті қаламыздың тағы да басқа орындары. Ұсынылған туындыларда астанамыз Нұр-Сұлтан қаласы мен әлемнің Мәскеу, Санкт-Петербург, Лондон, Париж сынды қалаларының сәулеттік ескерткіштері мен көрікті жерлері де бар. Бұл жұмыстардың барлығын басты тақырып - туған қалаға, елге, ғаламшарға деген махаббат біріктіреді.
Көрермен дарынды балалардың жан дүниесінің шексіз таланты мен үлкен мейірімділігінің арқасында тамаша және таңғажайып қаламен танысады. Жас суретшілердің өзін-өзі танытып, шығармашылық әлеуетін ашуына өнер ошағы болып табылатын көркемсурет мектебі көмектеседі.
Көрме бір ай бойы жұмыс істейді.