(1841 ж., Николаев уезінің Арақарағай болысы, қазіргі Қостанай облысының Алтынсарин ауданы - 1889 ж.) - қазақтың көрнекті ағартушы-педагогы, қоғам қайраткері, жазушы, фольклоршы, ақын және прозашы, ғалым-этнограф. Қазақ жазба әдебиеті мен әдеби тілінің негізін қалаушыларының бірі, орыс графикасының негізінде қазақ әліпбиінің нұсқасын жасаушы.
«Қазақ хрестоматиясы» және «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» оқулықтарының авторы, мысалдар мен әңгімелердің, сонымен қатар Л.Н. Толстой, И.А. Крылов аудармаларының авторы.
1879 жылы Алтынсарин Торғай облысының мектеп инспекторы қызметіне тағайындалды. Осы қызметті Ы. Алтынсарин өмірінің соңына дейін атқарды. Оның бастамасымен ХІХ ғасырдың 80-ші жылдарында Торғайда орыс-қазақ мектептері мен қолөнер училищесі ашылды. 1884 жылы Қостанай қаласында тұңғыш орыс-қазақ училищесі ашылды. Училище жанында интернат болды, шалғай ауылдағы қазақ балалары жатып оқуға мүмкіндік алды.
Ыбырай Алтынсарин қазақ халқының зайырлы білім беру жүйесінің бастамасын қалады. 14 оқу орынын, соның ішінде төрт екі сыныптық орыс-қазақ училищесін, бір кәсіптік училищені, екі әйелдер училищесін, орыс балаларына арналған екі училищені, бес болыстық мектепті ашты.