(1894 ж., Қостанай уезі Дамбар болысы Ақтөбе ауылы, қазіргі Қостанай облысының Б.Майлин ауданы - 1938 ж.) - көрнекті жазушы, ақын, журналист, драматург, қазақ кеңес әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі.
Алғашында ауыл молдасынан сауат ашып, медреседе оқыды. Троицк қаласындағы Уазифа, 1913-1915 жылдары Уфадағы Ғалия медреселерінде оқып білім алған. 1916-1922 жылдары туған ауылында мұғалім болып, бала оқытты. Алғашқы шығармашылық жолын өлең жазудан бастап, «Қостанай уезі, Дамбар болысы» очеркін тұңғыш рет «Айқап» журналында жариялаған. Мерзімді баспасөзде шығармаларын жариялап, қазақ әдебиетінің барлық жанрларында қалам тартты. Қазақ кеңес әдебиетінің проза саласын, көркем әңгіме жанрын өркендетуге зор үлес қосты. Прозадағы тұңғыш көлемді еңбегі - «Шұғаның белгісі» (1914) повесі. Алғашқы драмалық шығармасы - «Шаншар молда» пьесасы. Оны 1916 жылы жазып, ауыл сахнасында қойған. Ол 25 пьеса, либретто, сценарийдің авторы. Б.Майлиннің тұңғыш кітабы 1925 жылы араб қарпімен Қызылордада «Бейімбеттің өлеңдері» деген атпен шығады. Алғашқы «Маржан» өлеңдердер жинағы 1936 жылы шықты. 1936 жылы Майлин жазған «Амангелді» сценарийі бойынша алғашқы дыбысты кинофильм түсірілді. «Жалбыр» либреттосы бойынша опера қойылған.
КСРО Жоғарғы Соты Әскери коллегиясының көшпелі сессиясының Үкімімен 1938 ж. 26 ақпанында ату жазасы орындалады. КСРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясы 1957 жылы істі қайта қарап, қылмыс құрамы болмағандықтан Б.Майлиннің есімін біржола ақтайды. 1994 жылы Қостанай қаласында, вокзал жанындағы алаңда Бейімбет Майлинге мыстан құйылып, ескерткіш орнатылды.