Үй 1890 жылы XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың басындағы орыстың халықтық сәулет дәстүріне сай салынған. Авторы, құрылысшысы – белгісіз.
Қостанай қаласының 1902 жылғы жоспары бойынша бұл ғимарат 46 орамда орналасқан. Орам құрылысының ауқымы мен құны жағынан еш ерекшелігі болмады, сондықтан екі қабатты тас үй екі пәтерге жеткілікті болды.
Үй мал сатумен айналысатын бай, Швейцария азаматы, көпес Антон Петрович Лорецке тиесілі болды. Ол үй құрылысына тапсырыс беруші. Мұрағат мәліметтері бойынша 1903 жылы үйдің бағасы 2000 рубль болған, бұл сол кездегі өте қомақты қаражат еді.
Кеңес өкіметі орнағаннан кейін ғимарат мәдениет мекемесі ретінде пайдаланылды, онда филармония, облыстық әмбебап кітапхана орналасты. 1950-ші жылдардың аяғынан бастап мұнда облыстық балалар кітапханасы жұмыс істеді.
1990-2006 жылдары ғимаратта астық инспекциясы, «Казагроэксперт», «Нұр Отан» партиясы Қостанай бөлімшесінің кеңсесі болды. 2007 жылдан бері бұл ғимаратқа «Тобыл» ӘКК ҰК» АҚ кеңсесі орналасқан.
Ескерткіш сипаттамасы
Ескерткіш мерзімі: XIX ғасырдың соңы – XX ғасырдың басы, 1890 жыл.
Орналасқан жері: Қостанай қаласы, Дулатов көшесі,68.
Ғимарат жапсарлас 1 және 2 қабатты екі корпустан тұрады. Солтүстік-шығыс және оңтүстік-батыс осьтері симметриялы болып келген. Қабатаралық аражабыны – ағаш арқалықтан тұрады. Ғимарат кірпіштен салынған, сыланбаған. Қасбетін безендіруге XVII ғасырдың соңы – XVIII ғасырдың басындағы орыс халқының сәулет әлементтері пайдаланылған.
Терезелері арка пішінін қайталайтын маңдайша кенеремен жиектелген садақша арка түрінде жасалған. Ғимараттың қасбеттік беткі жағы терезе ойықтарының белгілі бір қатарынан қашаутасты төрт қырлы ұстынмен безендірілген. Терезелері металл-пластиктен, қос қабат шыныланған бір бөлімді, есіктері ағаштан жасалған. Шатырының екі жағы да еңісті.
Ғимараттың өлшемі - 28 х12 м, биіктігі – 7,2 метр. Жалпы көлемі - 2350 м3.. Қабырғалары кірпіштен, негізгі ғимараттың қабырғаларының қалыңдығы – 71 см., жапсарлас тұрғызылған басқыш алаңы – 38 см. Ішкі қабырғалары кірпіштен, шатыры металл жабынқышпен жабылған. Ішкі ауланың аумағына асфальт, ғимараттың негізгі қасбетінің алдына кеспе тастар төселген.