Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі

Костанайский областной историко-краеведческий музей

Kostanay regional museum of local lore

+7 (7142) 50 - 03 - 89

+7 (7142) 50 - 11 - 13

Қостанай қ-сы
Алтынсарин көш. 115

Қазыбек би ескерткіші (1659 – 1765 жж.)

Қазыбек би Келдібекұлы (1667 - 1764 жж. басқа да мәліметтер бойынша 1665 - 1765 жж.) – қоғам және мемлекет қайраткері, Орта жүздің биі, Тәуке ханның кеңесшісі, шешен. Орта жүз арғын тайпасының қаракесек руына кіретін болатқожа атасынан шыққан ол 1667 жылы Сыр бойында дүниеге келген. Ел аузындағы әңгіме, аңыздар мен биден жеткен шешендік сөздер оның өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болғандығын айқын аңғартады. Дана және әділ би, батыл және ержүрек батыр болған.

Әділдігі мен алғырлығы үшін Тәуке хан Қазыбекті Орта жүздің Бас биі етіп тағайындаған. Би Әз Тәукенің тұсында хан кеңесінің белді мүшелерінің бірі болса, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай ел билеген кезеңдерде де мемлекет басқару ісіне жиі араласып, ішкі-сыртқы саясатта ақыл-кеңестер беріп отырған.

Төле, Әйтеке билермен және басқалармен бірге қазақ хандығын нығайту, Тәуке хан билігімен қазақтың бытыраңқы ру, тайпаларын біріктіру жолымен бауырлас қарақалпақ және қырғыз тайпаларын одақтастыру үшін күресті. Тәуке ханның тапсырмасы бойынша ұлы жүзден Төле бимен бірге, Кіші жүзден Әйтеке бимен бірге Тәуке ханның «Жеті Жарғы» заңдар жинағын құруға қатысты.

Қазыбек би ескерткіші 2007 жылы салтанатты түрде ашылды. Ескерткіш Қостанай қалалық соты ғимаратының алдына орнатылған. Мүсінші: Баян Баталова - ҚР суретшілер Одағының мүшесі.

 

 

 

Ескерткіш сипаттамасы

 

Ескерткіш мерзімі: 2007 жыл.

Орналасқан орны: Қостанай қаласы, Пушкин көшесі, 100/1

 

Қазыбек би мүсінінің биіктігі – 1 м. 20 см, қоладан жасалған және ақ мәрмәрмен қапталған тікбұрышты бетон тастұғырға орнатылған. Би ұлттық киімде бейнеленген, сол қолында шиыршық қағаз - заңдар жиынтығын ұстап тұр.

Тастұғырдың жоғарғы жағындағы мәрмәр тақтаға Қазыбек бидің аты және өмір сүрген жылдары мемлекеттік тілде жазылған. Тұғырдың көлемі қимада – 2 х 2 м. Тастұғырдың биіктігі – 1м 80 см. Тастұғыр негізі бетоннан жасалып, гранитпен қапталған. Ескерткіштің айналасындағы аумаққа тас төселген.

Ескерткіштің жалпы биіктігі – 3,5 м. Материалы: қола, бетон, мәрмәр.