Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде дәстүрлі «Музей түні-2020» жобасы биыл тұңғыш онлайн режимінде өтті. Әлеуметтік желідегі оқырмандар үшін музей қызметкерлері онлайн режимде экскурсия, дәріс, викториналық сұрақтар, шеберлік сағатын, танымдық бейнесюжеттер дайындады. Онлайн жоба сағат 20.00-де сирек кездесетін жәдігерлер көрмесі бойынша онлайн экскурсиямен басталды. Оқырмандар музей қорындағы археологиялық бірегей жәдігерлерді, көне қару-жарақтар, ұлттық киімдер, зергерлік бұйымдар, көркемсурет туындыларын тамашалай алды. «Қостанай облысының табиғат байлығы» экспозициясында «Емдік шөптердің әлемі» атты онлайн дәріс оқылды, өлке табиғаты мен экологияны ғылыми зерттеуді қамтамасыз ету бөлімінің қызметкері А.В.Андрющенко өңіріміздегі шипалы өсімдіктердің түрлерімен таныстырып, олардың емдік қасиетіне сипаттама берді, сондай-ақ пайдалануы туралы қызықты мәліметтерге тоқталды. 140 жылдық тарихы бар Қостанай қаласының басты көшелеріндегі сәулеттік ескерткіш ғимараттары бойынша виртуалды экскурсияны да тамашалаған оқырмандар саны да көп болды. Онлайн жоба барысында оқырмандарға музей жәдігерлеріне қатысты викториналық сұрақтар қойылып, жеңімпазға музей ұжымы атынан сыйлық дайындалды.Зімбір пряниктерінің бетіне өрнек салу бойынша шеберлік сағаты ұйымдастырылып, көрермендерімізге өрнек салу өнері таныстырылды.
Онлайн іс-шараларды әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан көріп тамашалай аласыздар:
Facebookhttps://www.facebook.com/it.kraeved.kst
Vkontaktehttps://vk.com/id397862586