22 наурыз – Ұлыстың Ұлы күні Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі «Наурыз шапағаты» атты этнографиялық мереке өткізді.
Шараға қала тұрғындары мен қонақтары, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімі қатысты. Мереке барысында музей қызметкерлері наурызды мерекелеудің әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін айта отырып , қазақтың ұлттық: «Асық ату», «Күш сынасу» сияқты ойындарын ойнатты. Қонақжай қазақ халқының дәстүрі бойынша шашу шашып, барлық қонақтар бауырсақтан дәм татып, музей қызметкерлері дайындаған наурыз көжеден ауыз тиді. Сондай-ақ қазақтың халық әндері орындалды.