2023 жылғы 28 шілдеде Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі Амангелді Имановтың 150 жылдығына арналған Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі, Арқалық қаласындағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейі, Амангелді ауданындағы А.Иманов атындағы Амангелді мемориалдық музейі және Торғай ауданындағы Жангелдин музейлер кешені қорынан жасақталған «Халық батыры» атты жылжымалы көрменің салтанатты ашылуы өтті. Көрмеде тыл жұмыстарына шақыру туралы патша жарлығының жариялануына байланысты архив құжаттарының көшірмелері мен фотосуреттер ұсынылған. Фото-құжаттық материалдан бөлек, бірқатар жәдігерлер – Амангелді Имановтың домбырасы мен туыстарының жеке заттары және сарбаздардың қару-жарақтары, Кейкі батырдың кебежесі, мүсіні, кесенесінің макеті қойылды. Сонымен қатар Қазақстанның халық суретшілерінің кескіндеме және мүсін туындылары көпшіліктің назарына ұсынылды – Әбілхан Қастеевтің, Нағымбек Нұрмұхамедовтің, Татар Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасының (ТАКСР) халық суретшісі, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген суретшісі Баки Урманченің, белгілі портрет суретшісі Анна Мартованың графикалық туындылары, батырдың шөбересі, суретші Зарина Ниязованың туындылары, қазақтың тұңғыш мүсіншісі, Қазақстанның халық суретшісі Хакімжан Наурызбаев жасаған Амангелді Имановтың мүсіндік портреті, украин мүсіншісі, Украинаның халық суретшісі Ефим Белостоцкийдің екі мүсіні, венгрлік ғалым-антропологтар жасаған Кейкі батырдың мүсіні. Шараға зиялы қауым өкілдері, өлкетанушылар, ғалымдар мен қала тұрғындары қатысты. Көрме Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде 28 шілдеден 28 тамызға дейін жалғасады.