Ұлы Жеңіс күні - Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі. Адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһарман аталарымыз, әкелеріміз, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің рухы алдында бас иіп, тағзым ету мақсатында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қасіреті естен кетпейді!» атты театрландырылған әдеби-сазды композиция ұйымдастырды. Музей қызметкерлері Ұлы Отан соғысының қасіретті және ерлікке толы беттерінен, тарихи сәттерден сыр шертетін театрландырылған көріністер ұсынды. Әсіресе «Соғыс жылдарының балалары» музыкалық композициясын қойған кішкентай орындаушылардың қойылымы қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Іс-шара соңында барлық қатысушылар мен қонақтар Жеңіс вальсін биледі.