2022 жылдың 17 тамызында Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде «Музей қорының алтын жиынтығы» атты көркемсурет көрмесі ашылды. Экспозицияда 1938 жылдан бері музей қызметкерлері жинаған және қазіргі кезде 4000-нан астам жәдігерлерді қамтитын кең көлемді өнер топтамасынан кескіндеме, мүсін, сәндік-қолданбалы өнердің 52 туындысы ұсынылған. 1962 жылы Алматы қаласының көркемөнер көрмелері дирекциясы Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылар мен жетекші шеберлері - Әбілхан Қастеев, Николай Хлудов, Салихитдин Айтбаев, Қанафия Телжанов, Сабур Мәмбеев, Жаңатай Шарденов, Үкі Әжиев, Сахи Романов, Камиль Шаяхметов, Орал Таңсықбаевтың туындыларын тапсырды. Көрмеге туындылары қойылған суретшілер Николай Крутильников, Абрам Черкасский, Леонид Леонтьев, Баки Урманче, Эмилия Бабад, Василий Арлашин ұлттық бейнелеу өнері мектебінің қалыптасуына елеулі үлес қосты. 1995 жылы музей қоры Кеңес мәдениет қорының Қостанай бөлімшесі тапсырған Ресейдің, Украинаның, Закавказьенің, сондай-ақ белгілі қазақстандық және қостанайлық суретшілердің, кескіндеме және графика шеберлерінің кескіндеме және графикалық жұмыстарымен толықты.
«Музей қорының алтын жиынтығы» көрмесінде көрермендер сондай-ақ жерлестеріміздің: қазақтың тұңғыш мүсіншісі Хакімжан Наурызбаевтың, белгілі кескіндеме шеберлері Молдахмет Кенбаев пен Ғани Баянның, белгілі қостанайлық суретшілер Александр Шестаковтың, Георгий Соковтың, Николай Торшиннің, Наталья Халифаеваның, Светлана Шалунованың және қолданбалы зергер Леонид Игошиннің туындыларын тамашалады.